Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы олардың қазіргі жұмыс моделін жетілдіру қажеттігін атап өтіп, үш ай ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуді тапсырды. Президент Түркістан облысы мен Астана қаласының осы бағыттағы тәжірибесін оң бағалады.
Түркістан облысында инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру, дайын инфрақұрылым ұсыну және жобаларды кешенді сүйемелдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірде арнайы және индустриалды аймақтар желісі дамып, өндірістік алаңдар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Бұл шаралар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға септігін тигізуде.
Айта кетейік, өңірде 4397 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге дайын инфрақұрылымы бар 21 индустриалды аймақ бар. Кәсіпкерлерге арналған шағын өнеркәсіптік парктерде өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, қазір облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өнеркәсіптік парктер салынуда.