You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 5 АЙДА 614,2 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 5 АЙДА 614,2 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл өңірдің инвестиция тарту индикаторы 1 трлн 783,9 млрд теңге көлемінде бекітілген. Жыл басынан бері, яғни 5 айдың қорытындысы бойынша, облысқа 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 150,5%-ға өсті.

Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспардан 4 есеге артық орындалды. Осы нәтижемен Түркістан облысы еліміз бойынша көш бастады. 2026 жылға арналған тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары 499 млн АҚШ долларын құрайды.

Бұл туралы облыс әкімі Н. Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды. Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне инвесторларды тарту және сүйемелдеу жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруды тапсырды. Ол әрбір инвестициялық жобаның жеке бақылауда болатынын атап өтті.

Жиында облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Н. Исаев инвестициялық жобалардың іске асу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірдегі инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, өзектендірілді. Нәтижесінде 2026-2029 жылдар аралығында жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба қалыптастырылды. Бұл жобалар аясында 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен 608,9 млрд теңгеге 30 жоба  жүзеге асырылуда, бұл жобалар толық іске қосылғанда 7 799 жұмыс орны құрылады.

Биылғы жылға 369,4 млрд теңгеге 67 инвестициялық жоба іріктелген. Ал 5 айдың қорытындысымен жалпы құны 42,4 млрд теңгеге 11 жоба іске қосылып, нәтижесінде 407 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жиын қорытындысында инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру, жаңа жобаларды жеделдетіп іске асыру және өңірдің инвестициялық әлеуетін одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.