You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТУРИЗМ САЛАЛАРЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТУРИЗМ САЛАЛАРЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек Қытайдың Wuhan Lingyun Construction Technology Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңірде құрылыс индустриясын дамыту, заманауи технологияларды енгізу және туризм инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Айта кетейік, жуырда «Turkistan Invest» өңірлік инвестицияларды тарту және экспортты дамыту агенттігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысының делегациясы облыс әкімі Н. Көшеровтің жетекшілігімен ҚХР-ға жұмыс сапарымен барып, бірқатар ірі компаниялармен кездесулер өткізген еді. Wuhan Lingyun Construction Technology Co., Ltd. – сол компаниялардың бірі.

Өңірдің инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға бағытталған жұмыс сапары алғашқы нәтижелерін бере бастады. Аталған кездесудің жалғасы ретінде компания өкілдері Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен жан-жақты танысты.

Тараптар әлеуетті жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және ұзақ мерзімді әріптестік орнату бағыттарын талқылады. Компания өкілдері өздерінің халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, құрылыс, инфрақұрылым және туризм салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және нақты жобаларды бірлесіп пысықтау жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, Wuhan Lingyun Construction Technology Co., Ltd. 1999 жылы құрылған және Қытайдың мемлекеттік өнеркәсіптік-құрылыс холдингінің құрамына кіретін Lingyun Technology Group Co., Ltd. құрылымына жатады. Компания фасадтық жүйелерді жобалау және орнату, құрылыс-монтаж жұмыстары, заманауи құрылыс материалдарын өндіру, металл конструкцияларын дайындау, сондай-ақ халықаралық мердігерлік жобаларды жүзеге асыру бағыттарында қызмет етеді.

«Lingyun Curtain Wall» брендімен Қытайда және шетелде 4 мыңнан астам құрылыс жобасы жүзеге асырылған. Компаниялар тобы Қытай, Ұлыбритания, Австралия, Исландия, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да мемлекеттердегі биік ғимараттар, әуежайлар, көрме орталықтары, спорт нысандары мен ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына қатысқан.