Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданы индустриялық және инвестициялық өсу нүктесі ретінде қалыптасып келеді. Облыс және аудан басшылығының қолдауымен өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,9% өсім қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, былтыр аудан экономикасына 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бұл нақты өндірістік жобалардың іске асырылып жатқанын көрсетеді.
Ауданда 28,2 гектарлық индустриялық аймақ бар. Бүгінгі таңда бұл аумаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылған. Инвесторлар үшін бос жер телімдері мен инфрақұрылым дайын. Қазіргі таңда мақта өңдеу, құрылыс материалдары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі бағыттарында жаңа өндірістер іске қосылып, өндірістік тізбектер қалыптасуда.
Сонымен қатар, Жамбыл ауылдық округінде 100 гектар арнайы экономикалық аймақ белгіленіп, оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік кооперацияға бағытталған «Орталық Азия» халықаралық орталығына берілді. Қалған аумақта 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылып, 1200 жаңа жұмыс орны ашу жоспарлануда. Жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады.
Қорыта айтқанда, Мақтаарал – дайын инфрақұрылымы, өсіп келе жатқан өндірістік базасы және мемлекет тарапынан қолдауы бар, жаңа инвестициялар үшін ашық өңір.