
«TURKISTAN INVEST» инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік агенттігі» ЖШС 2026 Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында «Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері – Еуразияның жаңа қуаты» тақырыбындағы IX «Қытай – Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысуда.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты. Өз сөзінде ол халықаралық көрменің сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін маңызды алаң екенін атап өтті.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл мен жоғары деңгейдегі сенімнің арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне көтерілгенін айтты.


Халықаралық көрмеге 49 елдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сауда, инвестиция және инновацияларды дамытуға бағытталған іскерлік бағдарлама аясында 80-нен астам іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде «Қытайға экспорт» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның арнайы сессиясы ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі алаңдарының бірі – «Қазақстан» ұлттық павильонында агроөнеркәсіптік кешеннің, тамақ және жеңіл өнеркәсіптің өнімдері, алкогольсіз сусындар, сондай-ақ, парфюмериялық-косметикалық тауарлар таныстырылды.
Сонымен қатар, өңірдің экспорттық әлеуетін танытып жүрген Арыс қаласындағы құрғақ түйе сүтін өндіруші «King Milk» ЖШС мен түрлі-түсті газдалған сусындар шығаратын «Рауан» ЖШС өнімдері көпшілік назарына ұсынылып, көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Қорытындылай келе, ұлттық экспозицияда Қазақстанның экспорттық және инвестициялық әлеуеті, отандық өндірушілердің кең ауқымды өнімдері таныстырылуда. Бұл еліміздің кәсіпкерлік мүмкіндіктерін өңірдегі ең ірі халықаралық көрме алаңдарының бірінде кеңінен насихаттауға және қазақстандық өнімдерді халықаралық нарықта ілгерілетуге мүмкіндік берді.