Түркістан облысының Келес ауданында 20 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау алаңын салу жоспарлануда. Жоба жеке инвестордың бастамасымен Ақтөбе ауылдық округі аумағында жүзеге асады.
Инвестор 20 гектар жерге 8 млрд теңге инвестиция салып, экологиялық қауіпсіз, заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды көздейді. Жоба қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуын болдырмайтын экологиялық қауіпсіз шешімдерді қамтиды.
Жоба іске асқан жағдайда шамамен 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын түсіндірді.
Аталған инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, аудан экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.