You are currently viewing ТЯНЬ-ШАНЬ ФОРУМЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОР АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ТЯНЬ-ШАНЬ ФОРУМЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОР АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Алматыда өтіп жатқан Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы аясында Түркістан облысының әкімдігі мен Қытайдың «Шыңжаң Лихуа» инвестициялық холдингі мақта кластерінің екінші кезеңін жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Құжатқа Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Шыңжаң Лихуа» инвестициялық холдингінің директоры Сюй Цзе қол қойды.

Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және мақтаны терең өңдеу саласын дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, мақта кластерінің бірінші кезеңі аясында инвестор 2026 жылғы шілде айының соңында құрылыс жұмыстарын толық аяқтады. Нәтижесінде өңірде заманауи мақта өсіру базасы қалыптастырылды. Сондай-ақ, мақта өңдеу, поливинилхлорид құбырларын, су үнемдеу жабдықтарын өндіру және тұқым өңдеу бағыттарында төрт өндірістік нысанды салу және пайдалануға беру жоспарланған.

Екінші кезеңде инвестор өңірге салынатын инвестиция көлемін ұлғайтып, мақта өндірісінің толық циклін қалыптастыруды көздейді. Жоба инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа кезең аясында ақылды егіншілік, тамшылатып суару және суды үнемдеу технологиялары енгізіліп, экологиялық талаптарға сай өндіріс тәсілдері қолданылады. Сонымен қатар, мақтаны терең өңдеу бағытында жоғары сапалы мата тоқу, үй тоқыма бұйымдарын шығару, бояу-әрлеу және дайын киім өндіру кәсіпорындарын іске қосу көзделген.

Осылайша, жоба мақта өсіруден бастап, оны иіру, мата тоқу, бояу-әрлеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды.

Қазіргі уақытта инвестор екінші кезең бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті рұқсаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған. Жобаның құрылыс мерзімі – екі жыл.

Тараптар жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асырып, өндірістік нысандарды пайдалануға беруге уағдаласты.