You are currently viewing МАҚТААРАЛ: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

МАҚТААРАЛ: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барып, Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жалпы аумағы 102,3 гектарды құрайтын экономикалық аймақта құны 100,9 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Барлық жобаларды толық іске асыру 2028 жылға жоспарланған.

Сапар барысында облыс әкіміне арнайы экономикалық аймақта атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар мен өндірістік жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, «BNK Group Ltd» компаниясына тиесілі 8 қойманың құрылысы толық аяқталған. Қазіргі уақытта нысандарды кәсіпкерлерге беру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, құны 75 млрд теңгені құрайтын «Hanya International Holdings» компаниясының логистикалық орталық салу жобасы, «Food Waste» ЖШС-нің қалдықтарды өңдеу өндірісі, «КАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС-нің металл өңдеу зауыты және «Мақтаарал Xing Feng» кәсіпорнының мақта өңдеу өндірісі таныстырылды.

Атап айтқанда, «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС іске қосылған жағдайда жылына 10 мың тонна мақта талшығын, сондай-ақ 10 мың тонна мақта және өсімдік майын өңдеу жоспарланып отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты толық іске қосылғанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі өңір экономикасын дамытуда өндірісті өркендету мен шикізатты терең өңдеудің маңыздылығына тоқталып, инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.