You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДЫҢ ОЗЫҚ ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТӘЖІРИБЕСІН ЗЕРДЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДЫҢ ОЗЫҚ ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТӘЖІРИБЕСІН ЗЕРДЕЛЕДІ

Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыру және агроөнеркәсіптік секторға озық технологияларды тарту мақсатында өңірлік іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасының Юньнань провинциясына жұмыс сапары ұйымдастырылды.

Сапар аясында делегация Цзиньнин ауданындағы гидропоника технологиясы негізінде раушан гүлдерін өсіретін заманауи жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Қатысушылар автоматтандырылған суару және қоректендіру жүйелері, цифрлық климаттық бақылау құралдары, сондай-ақ өндірістің толық циклін қамтитын жоғары технологиялық шешімдерді зерделеді.

Кездесу барысында гүл шаруашылығын дамыту, инновациялық агротехнологияларды енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және өндіріс өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және технологиялық ынтымақтастық бағытындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қарастырды.

Аталған сапар Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру және гүл шаруашылығын дамыту жобалары үшін маңызды тәжірибелік алаңға айналды. Бүгінде өңірде толық циклді гүл өндірісін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының Инвестицияларды тарту және экспортты дамыту агенттігі өңірге заманауи технологияларды енгізу, халықаралық серіктестікті кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.