You are currently viewing ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімдігі шетелдік инвесторлармен бірлесіп, өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру және облыстың туристік тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек Қытайдан келген инвесторлармен кездесу өткізіп, өңірдің туристік әлеуетін дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Жиын барысында шетелдік инвесторлар демалыс аймақтарында заманауи көрініс алаңдарын орнату және капсула форматындағы үйлер салу жобаларын таныстырды. Аталған бастамалар өңірге келетін туристер санын арттыруға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Өз кезегінде облыс әкімдігі Түркістан облысы шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі сенімді серіктес екенін атап өтті. Қазіргі таңда өңірде индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді, инвесторларға бірқатар жеңілдіктер мен қолдау шаралары қарастырылған.

Инвесторлар Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық танытып, құрылыс жұмыстарын наурыз айының соңында бастауға дайын екендерін жеткізді.

Кездесу қорытынды бойынша тараптар туризм саласында өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға келісті.

Пікір үстеу