Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу міндеті белгіленді. Осы бағытта Түркістан облысында жаңа өндірістік жоба жүзеге асырылмақ.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров «Interexport» ЖШС құрылтайшысы Башир Ахмад Ахмадимен кездесіп, Мақтаарал ауданында ұн және май өндіретін заманауи зауыт салу мәселесін талқылады. Тараптар жобаны іске асыру жөнінде келісімге келді.

Жобаның жалпы құны – 31 млн АҚШ доллары. Кәсіпорын құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Зауыт іске қосылғанда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Жобалық қуаттылығы бойынша кәсіпорын тәулігіне 300 тонна май және 1 500 тонна ұн өндіреді. Сонымен қатар тәулігіне 1 000 тонна ұнды қаптауға арналған арнайы желі орнатылады.
Кездесу барысында жобаны белгіленген мерзімде іске асыру мәселелері қаралды. Облыс әкімі инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Жаңа кәсіпорын жергілікті шикізатты терең өңдеуге, дайын өнім көлемін арттыруға және Мақтаарал ауданының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосады.