You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛЫП, ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ АРТУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛЫП, ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ АРТУДА

Түркістан облысында импортты алмастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде өндірісті кеңейту, экспорттық әлеуетті арттыру және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға басымдық берілуде.

Өңірдің экспорттық әлеуеті тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы Түркістан облысынан 1 млн 571 мың тонна өнім экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда көлемі 16%-ға артты. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында экспорт 795,3 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,2 есеге жоғары болды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 576,6 мың тонна, мал шаруашылығы өнімдері – 20,5 мың тонна, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері – 198,1 мың тонна.

Сонымен қатар, импорт көлемінің төмендеу үрдісі сақталуда. 2025 жылы облысқа 748 мың тонна өнім импортталса, биылғы төрт айда бұл көрсеткіш 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен төмен болды.

Импортты алмастыру бағытында өңірде еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар және алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар іске қосылды. Сонымен қатар, мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерін шығаратын жаңа өндірістер жүзеге асырылып жатыр.

Жүргізілген талдау нәтижесінде республикадан шикізат күйінде экспортталатын мыс, алюминий, темір, полипропилен және басқа да материалдарды Түркістан облысында терең өңдеуге мүмкіндік бары анықталды. Осыған сәйкес мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары және полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар өндіруге бағытталған 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысына инвестициялық паспорт дайындалды.

Өңірде жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстары жалғасуда. Сайрам индустриялық аймағында сыр, ірімшік және құрғақ сүт өндіретін зауыттар, Сауран ауданында көкөніс өңдеу, консервілеу және томат пастасын шығару өндірісі, Мақтаарал ауданында кілем өндірісі, ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында балалар тағамын өндіретін зауыт салу ұсынылған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту мақсатында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Ордабасы ауданында құс етін өндіру көлемі ұлғайтылып, Бәйдібек ауданында жұмыртқа өндіретін кешен салынуда. Сонымен қатар Отырар және Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа өнеркәсіптік құс кешендерін іске асыру ұсынылған.