You are currently viewing ОРДАБАСЫДА МАЛ СҮЙЕГІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

ОРДАБАСЫДА МАЛ СҮЙЕГІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқынды жалғасуда. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету нәтижесінде бірқатар өндірістік жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Солардың бірі – Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінде салынып жатқан ірі қара мал сүйегін терең өңдеу зауыты. Жобаны қытайлық Huating Biotechnology компаниясы жүзеге асыруда. Жалпы инвестиция көлемі – 9 млрд теңге.

Қазіргі уақытта 10 гектар аумақта өндірістік кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Кәсіпорын мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы бірнеше бағытта өнім шығаруға маманданады.

Атап айтқанда:

  • дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті пептон;
  • авиаотын өндірісінде қолданылатын май;
  • фарфор өндірісіне арналған көмір өндіру жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2027-жылдан бастап мал қанын өңдеу арқылы мал шаруашылығына арналған жем шығару көзделуде. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 5 мың тонна сүйек өңдеу.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндіріс өңірдегі шикізатты терең өңдеу үлесін арттыруға, қалдықсыз технологияларды дамытуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Huating Biotechnology компаниясының өкілдері Түркістан облысында инвесторларға жасалған қолайлы жағдайларды атап өтіп, жергілікті  атқарушы органдарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, көрсетілген қолдау жобаның жедел жүзеге асуына оң ықпал еткенін жеткізді.

Айта кетейік, аталған жоба өңірдегі импортты алмастыруға бағытталған өндірістер қатарын толықтырады. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, экономиканың дамуына серпін бермек.