Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ORANO» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовенмен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өндіріс орындарына қажетті білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі инвестиция тартумен қатар, жергілікті кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Осы ретте өңірдегі колледждерді компанияның қамқорлығына алып, дуалды оқыту жүйесі арқылы өндіріс орындарына қажетті мамандарды бірлесіп даярлау ұсынылды.
– Біз үшін инвестиция тартумен қатар, жергілікті кадрларды даярлау мәселесі де аса маңызды. Дуалды оқыту жүйесі жастарға теориялық біліммен қатар, нақты өндірістік тәжірибе жинақтап, оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, — деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Клод Имовен Түркістан облысымен әріптестікті дамытуға қызығушылық білдіріп, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру және кадр даярлау бағыттарындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ, іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға уағдаласты.
