Түркістан облысында өндірістік парктер арқылы жаңа өндірістерді іске қосу және инвесторларды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімі Н. Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте қаралды.
Аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында өндірістік парктердің құрылысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары сараланды.
Қазіргі таңда өңірде 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Оның 150-і пайдалануға берілген. Өндірістік парктер базасында жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылып, бүгінде 98 жоба іске қосылған.
Өндірістік парктер өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік беруде. Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар іске қосылса, Сауран ауданында жиһаз, құрылыс материалдары және металл өңдеу бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда.
Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік және декоративті материалдар өндіретін цехтар ашылды. Отырар ауданында темір бұйымдары, құрама жем, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастады.
Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі жолға қойылса, Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер, матрас шығару және пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асырылуда. Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары іске қосылды. Созақ ауданында төрт өндірістік жоба пайдалануға беріліп, дайын ғимараттар кәсіпкерлерге ұсынылды.
Сонымен қатар, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылымды жеткізу және инвесторларды орналастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.