You are currently viewing ТҮРКІСТАНДА ІРІ ТУРИСТІК-ОЙЫН-САУЫҚ КЕШЕНІН САЛУ ЖОБАСЫ ПЫСЫҚТАЛУДА

ТҮРКІСТАНДА ІРІ ТУРИСТІК-ОЙЫН-САУЫҚ КЕШЕНІН САЛУ ЖОБАСЫ ПЫСЫҚТАЛУДА

Түркістан облысында халықаралық деңгейдегі көпфункционалды туристік-ойын-сауық кешенін салу жобасы қарастырылуда. Бастама Қытайдың мәдени туризм саласындағы жетекші компанияларының бірі – Wuhan Chengye Cultural Tourism компаниясымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылмақ.

Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Болашақ кешен құрамында мұхит әлемі, отбасылық демалыс аймақтары, ойын-сауық және танымдық нысандар, заманауи туристік инфрақұрылым орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Қазіргі уақытта тараптар жобаның техникалық-экономикалық параметрлерін, іске асыру кезеңдері мен құрылыс жұмыстарын бастау мәселелерін пысықтап жатыр. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімдігі өкілдері Қытайдағы ұқсас туристік нысандардың жұмыс тәжірибесімен танысып, инвестициялық және технологиялық мүмкіндіктерді зерделеуде.

Жобаның іске асырылуы өңір экономикасына елеулі инвестиция тартуға, туризм саласының дамуына серпін беруге және Түркістанның халықаралық туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.