Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркия Республикасынан келген Измир қаласының әкімі Джемиль Тугаймен кездесті. Кездесуде инвестиция тарту, туризмді дамыту, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту және өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы айтып, Қазақстан мен Түркия өңірлері арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті.
– Түркістан – бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Мемлекет басшысының қолдауымен өңір қарқынды дамып, көлік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылуда, халықаралық талаптарға сай туристік және әлеуметтік нысандар іске қосылуда. Біз Измирмен тәжірибе алмасуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға және өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Джемиль Тугай Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи әрі рухани байланыстың маңызын атап өтіп, Измирдің Түркістан облысымен инвестиция, туризм, білім және тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар нақты бірлескен жобаларды пысықтап, іскерлік байланыстарды кеңейту және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде уағдаласты.
Измир – Түркияның жетекші өнеркәсіптік, сауда, логистика және ауыл шаруашылығы орталықтарының бірі. Қала өндіріс, халықаралық сауда, теңіз логистикасы, туризм, инновация және қалалық басқару салаларындағы тәжірибесімен ерекшеленеді.
