Түркістан қаласында «QazEcoPack» ЖШС полиэтилен қаптама өнімдері мен скотч өндіретін зауыттың алғашқы кезеңін іске қосты. Жоба «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында жүзеге асырылуда.
Зауыттың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров қатысып, жобаның өңір экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлесін айта отырып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі.
Зауыт құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғыс білдіріп, арнайы экономикалық аймақ тарапынан жасалған қолдау мен мүмкіндіктерді ерекше атап өтті.
Жоба 3 кезеңнен тұрады:
I-кезеңінде (қазіргі) жылына 1 500 000 дана скотч өндіріледі. Өнімдер Қазақстан және ТМД елдерінің нарығына жеткізіледі. Қазіргі таңда 20 жаңа жұмыспен қамтылды;
II-кезеңі 2026 ж. желтоқсан айында жүзеге асып, жылына 350 000 кг стрейч-пленка және 80 000 дана ауа-көпіршікті пленка шығарылады;
III-кезеңінде 2027 ж. жылына 500 000 кг полиэтилен өнімдерін өндіру жоспарланған.
Жалпы инвестиция көлемі – 1,21 млрд теңге.
Бүгінде 1 440 м² аумақтағы өндірістік ғимарат пайдалануға беріліп, жұмысқа кірісті, ал алдағы уақытта қосымша 5 760 м² аумақта 4 ғимарат салу жоспарланған.
Жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, импортты алмастыруға және қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға бағытталған.