Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымын зерттеу қоғамы кеңесінің мүшесі, «Huahe International» бизнес-консалтингтік құрылымының негізін қалаушы әрі президенті Лю Чуаньумен кездесу өткізді.
Кездесуге облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ, Қытайдың ірі өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және сауда компанияларының жетекшілері қатысты.


Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара тиімді іскерлік байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен өнеркәсібі, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа кәсіпорындар ашу бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.


Облыс әкімінің орынбасары өңірдің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, инвесторларға жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті. Бүгінде өңірде 21 индустриялық аймақ, шағын өнеркәсіптік парктер және арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді, олар салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Сонымен қатар, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде республикада жетекші өңір және өңдеу өнеркәсібін дамытуда зор әлеуетке ие.
«Түркістан облысы — жоғары экономикалық әлеуеті бар стратегиялық өңір. Біз бірлескен жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетеміз», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, «Huahe International» – 2010 жылы құрылған халықаралық консалтингтік компания. Ол Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы инвестициялық ынтымақтастыққа маманданған және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, нарықтық талдау жүргізу, трансшекаралық іскерлік байланыстарды дамыту бағытында жұмыс істейді. Аталған компания өңірлік және халықаралық нарықтарда сенімді серіктес ретінде танылған.