Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылуда.
Облыс әкімі Н. Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте инвестициялық жобалардың орындалу барысы мен «TURAN» арнайы экономикалық аймағының даму перспективалары қаралды.
Қазіргі таңда «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 1,263 триллион теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркелген. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі күнге дейін 58 жоба пайдалануға беріліп, 3243 тұрақты жұмыс орны құрылған.
Өңір басшысы инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жоба – өңір экономикасына қосылатын нақты үлес. Сондықтан құрылыс жұмыстарының созылуына жол берілмейді, ал өз міндеттемелерін орындамаған инвесторларға заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылады.
Сонымен қатар, Түркістан қаласы, Сауран ауданы, Кентау қаласы және «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығындағы индустриялық аймақтарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстары жалғасуда.
Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және инвесторларды жан-жақты қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.