Түркістан облысы, Келес ауданында еліміздегі ең ірі «Ecoculture-Eurasia өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жоба Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жүзеге асырылып жатыр.
Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы А. Дауытовты қабылдады. Кездесу барысында жобаны іске қосу мәселесін талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
Жобаны іске асыруға 42 млрд инвестиция салынуда. Қаржыландыру «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан мақұлданған. Жылыжайда жылына 25 мың тонна қызанақ өнімін өсіру жоспарлануда. Кешен толық іске қосылған жағдайда 800 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жабдықтар толықтай Нидерландыдан жеткізілген, инфрақұрылым заманауи стандарттарға сай. Қазіргі таңда кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. 8 жылыжай блоктың 4-і мен техникалық дәлізі іске қосылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ресми ашылуы көктемге жоспарланған.
Жоба ауқымды әлеуметтік мәнге ие: жергілікті тұрғындар оқытылып, кадрлардың біліктілігі артады. Жастар тәжірибе алмасу үшін Ресейге жіберіледі. Сонымен қатар, жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Онда өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.
Жалпы, «Ecoculture-Eurasia» жобасы аймақтың агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған жоба.