БАШҚҰРСТАНДЫҚ ПРОФЕССОР ТҮРКІСТАНДА КӨЗ КЛИНИКАСЫН АШУҒА НИЕТТІ

Уфа қаласында орналасқан “OPTIMED” лазерлік көруді қалпына келтіру орталығының профессоры, жоғары дәрежелі офтальмохирург-дәрігер Булат Азнабаев арнайы сапармен Түркістанға келіп, облыстың инвестициялық әлеуетімен танысты.

Кездесу барысында инвестиция және экспорт басқарма басшысының орынбасары Қанат Шонбасов пен “Turkistan invest” агентігінің өкілдері Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық және индустриалдық аймақ территориясын көрсетіп, инвесторларға берілетін жеңілдіктермен таныстырды.

Көз дәрігері Булат Маратұлының айтуынша қазіргі таңда көз клинкаларының сұранысы артып, лазерлік ота арқылы көру қабілетін қалпына келтіру заманы талабына айналуда. Сонымен қатар, орталыққа келетін қазақстандық емделушілер көптігіне байланысты Қазақстанның бірнеше аймағынан көз клиникасын ашуға ниет етіп отырғанын айтты.