You are currently viewing ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨНЕРКӘСІПТІК ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ДАМУЫМЕН ТАНЫСТЫ

ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨНЕРКӘСІПТІК ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ДАМУЫМЕН ТАНЫСТЫ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметімен танысты.

Шардара қаласында облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге шағын өнеркәсіптік парктің жұмысын бақылады. Жалпы аумағы 1 гектар болатын өндірістік алаңда алты ғимарат пайдалануға берілген, тағы бесеуінің құрылысы жүргізілуде.

Парк аумағында жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтаулары мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар орналасқан. Өндірістік нысандар газ, электр, су, кәріз жүйесі және кірме жолмен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, вице-премьер Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субаймағына барды. Аумағы 290 гектарды құрайтын субаймақта 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген 16 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта 665 адамды жұмыспен қамтыған алты кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

«TURAN» арнайы экономикалық аймағында Қытайдың Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясының қатысуымен құны 146 млрд теңге болатын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеу және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.

Кешен құрамында 11 кәсіпорын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 8 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасы мен ПВХ құбырларын өндіретін кәсіпорындар, иіру фабрикасы және мақта тұқымын қайта өңдеу зауыты бар.

Шикізат базасын дамыту аясында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, 52 мың гектар жерге мақта егілді. Өнімділік гектарына 56 центнерді құрады. 2024-2026 жылдары жоба аясында 1 200 жұмыс орны ашылды.

Алдағы уақытта тоқыма емес материалдар өндіретін зауыт, бояу және тігін фабрикасы салынады деп жоспарланған.

Жұмыс сапарының соңында Серік Жұманғарин өңір фермерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары мен саланың өзекті мәселелерін талқылады.