You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ТОННА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ТОННА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауыты өндірістік жұмысын бастады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 150 мың тонна шикізат. Жоба аясында 500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған. Жүгеріні өңдеу тереңдігі 98%-ға жетіп, өндірісте қалдықсыз технология қолданылады.

Алғашқы кезеңде кәсіпорында модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнімдер шығарылады. Толық өндірістік қуатқа шыққан кезде өнім түрлері 28 атауға дейін кеңейтіліп, мальтодекстрин, меласса, сироптар және өзге де жоғары қосылған құнды өнімдер өндіріледі.

Кәсіпорынды шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында өңірде жүгері егіс алқаптары кезең-кезеңімен ұлғайтылып, тамшылатып суару технологиялары енгізілуде.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, астықты терең өңдеу Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы басым бағыттардың бірі.

Қазіргі уақытта елімізде жылына 510 мың тонна астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жылына 500 мың тонна жүгері өңдеуге арналған кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды.

Сонымен қатар, Ақмола, Қостанай облыстарында және Астанада төрт ірі инвестициялық жоба пысықталып, іске асырылуда. Аталған жобалар толық жүзеге асқанда Қазақстанда астықты терең өңдеу қуаттылығы жылына 5,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы шикізатын ел ішінде өңдеу көлемін арттыруға, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамытуға және өңделген агроөнеркәсіптік өнім экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.