Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өңір экономикасын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл облыста жалпы құны 793,9 млрд теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 5 190 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Жиында 2026 жылға жоспарланған 67 инвестициялық жобаға жан-жақты талдау жүргізілгені айтылды. Сараптама нәтижесінде іске асырылу тәуекелі жоғары 10 жоба анықталып, олардың орнына жаңа 13 инвестициялық жоба енгізілді. Осылайша, өңірдің инвестициялық портфелі қайта пысықталып, жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жобалар саны 70-ке жеткізілді.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне барлық инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ әрбір жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешу, инвесторлармен өзара байланысты күшейту, жаңа инвестициялық жобаларды тарту жұмыстарын жандандыру және өңірдің инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалану міндеттелді.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірде жалпы құны 33,4 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңірде әлеуетті инвесторлармен келіссөздер де тұрақты түрде жүргізілуде. Жуырда «Zhouzhi Country Jinzhou State-Owned Capital Investment and Operations» компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, киви өсіру жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Компания Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері мен аграрлық әлеуетіне қызығушылық танытты. Осыған байланысты инвесторларға жылыжай кешендерін орналастыруға қолайлы аумақтарды таныстыру мақсатында Сайрам және Келес аудандарына арнайы іссапар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта компания алдағы жұмыстардың нақты жоспарын әзірлеуде.
Сонымен қатар «Sauran Solar Power» компаниясының өкілдерімен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қорған қабырғасын салу жобасы талқыланса, «Sin Yuan Steel» компаниясы болат өндірісін Түркістан облысына көшіру және заманауи өндірістік кешен салу жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Қазіргі таңда аталған инвестициялық бастамалар жан-жақты зерделеніп, оларды іске асыру тетіктері пысықталуда.