Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Осындай жобалардың бірі – Бәйдібек ауданы Бөген ауылдық округінде салынып жатқан «J&B AGRO GROUP 2025» ЖШС-нің заманауи мақта өңдеу кешені.
Жобаның жалпы инвестициялық құны – 2,4 млрд теңге. Кәсіпорын құрылысына 20 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасынан жеткізілген заманауи өндірістік жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпорын толық қуатында іске қосылғанда жылына 45-50 мың тонна мақта өңдеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, 63 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға серпін береді.
Компания алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тамшылатып суару жүйелерін, мақта майын және пленка өндіретін зауыттар салу көзделген. Жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды 2025-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.




Кластер аясында мақта өсіруден бастап оны терең өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыру көзделген.
Аталған бастамалар Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан, жалпы инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асатын мақта-тоқыма кластерінің маңызды бөлігі саналады.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған стратегиялық қадам.