Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында заманауи талаптарға сай «Turan» аквапарк – су-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаны «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co. Ltd.» компаниясы жүзеге асырып, оған 13,4 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып отыр.
Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын туристік-сауықтыру кешені үш кезеңмен салынады. Құрылыс жұмыстары биыл наурыз айында басталды.
Алғашқы кезең аясында келушілерді қабылдау және тіркеу орталығы, киім ауыстыру орындары, су аттракциондары, шомылу аймағы және айналмалы аквапарк іске қосылады. Жобаның келесі кезеңдерінде отбасылық демалыс аймақтары, қонақ үй, мейрамхана, халықаралық стандарттарға сай су аттракциондары мен алып толқын бассейндері бой көтереді.
Кешен толық іске қосылғаннан кейін жылына 200 мыңға дейін турист қабылдауға мүмкіндік беріп, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы толық аяқтау жоспарланған.
