Түркістан облысында америкалық компаниялардың қатысуымен бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және америкалық инвестицияларды тарту бағыттарын қарастырды.
Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларға басымдық берілді.
Атап айтқанда, АҚШ-тың Arizona State University университетімен агроөнеркәсіптік бағытта серіктестік орнату мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, John Deere компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және Lindsay компаниясының суару жүйелерін өндіру жобаларын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Аталған бастамалар ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, 289 шетелдік компания тіркелген. Инвесторларға «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аймақтарда қолайлы жағдайлар жасалған.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаларды бірлесіп ілгерілетуге, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға уағдаласты.