You are currently viewing ТҮРКІСТАНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БАС ГҮЛ ХАБЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БАС ГҮЛ ХАБЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров «Turkistan Invest» өңірлік агенттігінің ұйымдастыруымен өткен ҚХР-ға жұмыс сапары аясында Қытайдың гүл индустриясы астанасы саналатын Юньнань провинциясында маңызды келіссөздер жүргізді. Өңір басшысы Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен кездесіп, Түркістанды Орталық Азияның гүл хабына айналдыру жобасын талқылады.

Қытайдағы гүлдердің 80 пайызын өндіретін және жылына 15 миллион турист қабылдайтын әлемдегі ең ірі Доунань гүл аукциондық орталығының жұмысымен танысқан делегация өңірдің транзиттік әлеуетін таныстырды. Бүгінде Түркістан облысы — республикадағы жылыжайлардың 72 пайызына (1007 гектар) иелік ететін еліміздегі жетекші агроөңір.

Кездесу қорытындысы бойынша отандық «AGRO TUR» шаруа қожалығы мен қытайлық серіктестер арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Айта кетейік, Түркістанда заманауи логистикалық хаб пен өндірістік алаңдар құрылса, жергілікті шаруалардың өнімді өткізу және экспорттау мәселесі бір орталықтан шешілмек. Бұл бірегей жоба өңірге қытайлық озық технологияларды тарта отырып, Түркістанды Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына гүл экспорттайтын басты орталыққа айналдырмақ.