Түркістан облысында ұзындығы 30 км болатын Түркістан қаласының шығыс айналма жолы құрылысы жобасы шетелдік инвесторлардың назарында. Жоба М-32 «Самара–Шымкент» автожолына балама бағыт ретінде қарастырылған.
Жобаны іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) арқылы жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындалу сатысында. Бұл инвесторларға ерте кезеңде қатысу мүмкіндігін береді.
Жоба қаладағы көлік жүктемесін азайтып, транзиттік ағынды реттеуге бағытталған. Бұл оның ұзақ мерзімді экономикалық тиімділігін қамтамасыз етеді.
Түркістан облысы әкімдігі өкілдерімен кездесу барысында шетелдік инвесторлар өз компанияларын таныстырып, жобаларға қатысу мүмкіндіктерін ұсынды. Соның ішінде China State Construction Engineering Corporation Limited (CSCEC) – әлемнің 130-дан астам елінде 7 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған ірі құрылыс холдингі – қызығушылық танытты.


Тараптар жобаларды нақтылау, қаржыландыру шарттарын пысықтау және болашақ ынтымақтастық аясында нақты жобалық шешімдер қабылдау мақсатында келіссөздерді белсенді түрде жалғастыруға келісті.
Түркістан – стратегиялық орналасуы мен дамып келе жатқан инфрақұрылымы арқасында инвесторлар үшін ашық және перспективалық алаң болып отыр.