You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 111 МЛН ДОЛЛАРДАН АСАТЫН ЕТ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛМАҚ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 111 МЛН ДОЛЛАРДАН АСАТЫН ЕТ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛМАҚ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба қолға алынбақ. Оның аясында өңірде ет кластерін құру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны 111,1 млн АҚШ долларына бағаланған.

Тиісті меморандум IX Kazakhstan Global Investment Roundtable халықаралық инвестициялық форумы барысында жасалды. Құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қатысқан жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Nurym Group» компаниялар тобының құрылтайшысы Сырым Ертаев қол қойды.

Бастама өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге, ет өңдеу саласының дамуына және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жоба Түркістан облысының экономикалық әлеуетін нығайтып, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына үлес қосады деп күтілуде.

Инвестициялық форум аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өзге де ірі инвесторлармен кездесулер өткізбек. Келіссөздер барысында өңірге инвестиция тарту, жаңа өндірістік жобаларды іске қосу және ұзақ мерзімді әріптестік орнату мәселелері талқыланады.

Қазіргі таңда Түркістан облысында ауыл шаруашылығын жаңғырту, өнімді терең өңдеу және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту осы салалардағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қол қойылған меморандум әзірге тараптардың өзара ынтымақтастыққа деген ниетін білдіреді. Ал жобаны қаржыландыру, жүзеге асыру тәртібі мен өзге де нақты талаптар алдағы уақытта жасалатын жеке келісімдерде бекітіледі.