You are currently viewing ОБЛЫС ӘКІМІ 20-ДАН АСТАМ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ 20-ДАН АСТАМ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік компаниялар мен іскерлік ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, өңірде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Келіссөздерге Түркия, Аргентина, Франция, Израиль, Оңтүстік Корея, Пәкістан және Қытай елдерінің өкілдері қатысты. Тараптар энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, өнеркәсіптік өндіріс және кәсіби кадр даярлау бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.

  • Фармацевтика және азық-түлік өндірісі:

Түркияның «Şekerlisoy Holding» компаниясымен фармацевтикалық өндірістік кешен салу мүмкіндігі талқыланды. Францияның «Danone S.A.» компаниясымен сүт және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы әріптестік перспективалары қаралды.

  • Тау-кен өнеркәсібі және энергетика:

Аргентиналық «Clear Petroleum» және «DFM Consultores» компанияларының өкілдерімен пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеу, бұрғылау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ сервистік қызметтерді дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде Созақ ауданындағы уран өнеркәсібінің ерекшеліктері ескеріліп, бірлескен кәсіпорындар құру және жергілікті сервистік инфрақұрылымды дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Оңтүстік Кореяның «KITA» ұйымы, «PHN», «Garion Investment & Trading» және «Hyundai Corporation» компанияларымен энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, күн электр станциясын салу және электр желілеріне қосылу мүмкіндігі бар жер учаскелерін анықтау жөнінде пікір алмасты. «Hyundai Corporation» өңірдегі бес қосалқы станцияға қатысты ұсыныстарды қарастыруда.

Қытайдың «China Energy Overseas Investment» компаниясымен «Sauran Solar Power» жүзеге асырып жатқан қуаты 300 МВт күн электр станциясы жобасының барысы талқыланды. Тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де қарастырды.

  • Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік өндіріс:

Қытайлық компаниялармен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және сервистік қызмет көрсету, элиталы мақта өсіруден бастап оны терең өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар керамикалық тақтайшалар, баламалы энергия көздерімен жұмыс істейтін коммуналдық техника, санитарлық тазалық пен көгалдандыруға арналған жабдықтар өндірісін дамыту жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Пәкістандық компаниялармен бояу және химиялық өнімдер өндіретін кешен құру, өндірісті арнайы экономикалық аймақта орналастыру және өнімді сыртқы нарықтарға шығару мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал азығын, ветеринариялық және фармацевтикалық өнімдерді, косметика мен тұрмыстық химияны өндіруді қамтитын кешенді жобаны іске асыру мәселесі қаралды.

Кездесулерде инженерлік инфрақұрылым, заңнамада көзделген салықтық және кедендік ынталандыру тетіктері, ғылыми-зерттеу орталығын дамыту және жергілікті мамандар даярлау мәселелеріне де назар аударылды.

  • Білікті мамандар даярлау:

«Zhuochuang» кәсіптік-техникалық институтының өкілдерімен кездесуде еңбек нарығының сұранысына сай жұмысшы кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. Тараптар кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, жергілікті мамандарды оқыту және жастарды жұмыспен қамту бағыттарын қарастырды.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Облыс әкімдігі инвестициялық бастамаларды қолдауға, жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды дамытуға басымдық береді. Әрбір жобаның қаржыландыру көлемі, инфрақұрылымдық қажеттіліктері мен іске асыру мерзімдері келіссөздер нәтижесінде және қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады.