Түркістан облысының Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын фотоэлектрлік электр станциясы мен энергия сақтау жүйесін салу жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Жоба өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға және «жасыл» энергетика үлесін арттыруға бағытталған.
Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбектің төрағалығымен «Sauran Solar Power» ЖШС және халықаралық энергетикалық холдинг өкілдерімен кездесу өтті.


Жиынға облыстық басқармалар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Атап айтқанда, қатысушылар тарапынан жобаға қатысты салалық мәселелер талқыланып, инвесторларға қажетті түсіндірмелер беріліп, іске асыру барысындағы институционалдық қолдау тетіктері қарастырылды.
Тараптар электр желілеріне қосылу, жергілікті инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен өзара тиімді үйлестіру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша, облыс әкімінің орынбасары жобаны іске асыру барысында туындап отырған өзекті мәселелерді жедел шешу бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нақты тапсырмалар берді. Инвесторлар тарапынан көтерілген ұсыныстарға қолдау көрсетіліп, тиісті бағыт-бағдар айқындалды. Сондай-ақ, жобаны белгіленген мерзімде сапалы жүзеге асыру үшін бірлескен әрі жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жөнінде уағдаласты.
Айта кетейік, China Energy Engineering Corporation — әлемдік энергетика және инжиниринг саласындағы жетекші компаниялардың бірі. Fortune Global 500 тізіміне енген корпорация 140-тан астам елде жобаларды жүзеге асырып келеді.