Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар қолға алынуда. IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында облыс әкімдігі үш компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Шымкент қаласында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында жаңа өндіріс орындарын ашу және бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Форум аясында облыс әкімдігі «AGRIMA GROUP» ЖШС, «Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd.» және «MIR AGRO KZ» ЖШС компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Жобалар аясында өсімдік майын өндіретін зауыт салу, жылыжай кешенін құру, сондай-ақ, жеміс-көкөніс сақтау қоймасы мен өнеркәсіптік жылыжай салу көзделген.
Оның ішінде, «AGRIMA GROUP» ЖШС өсімдік майын өндіретін зауытын Арыс қаласында салуда. Құны 11 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 165 мың тонна шикізатты өңдеп, 150 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазір нысанның құрылысы жүргізіліп, жабдықтарды орнату жұмыстары атқарылуда. Жобаны 2026-2027 жылдары аяқтау жоспарланған.
Ал «MIR AGRO KZ» ЖШС 8 мың тонна жеміс-көкөніс сақтауға арналған қоймасын Жетісай ауданында салуда. Құны 2,2 млрд теңгелік нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар, компания 2027 жылы 34 гектар аумақта заманауи жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаға 30 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген.
Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, сұрыптау және қаптау мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ, ішкі нарық пен экспортқа арналған сапалы өнім өндіруге бағытталған.
Бұдан бөлек, Қытайдың «Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd.» компаниясымен өңірде жылыжай кешенін құру жөнінде келісім жасалды. Жобаның инвестициялық көлемі мен жүзеге асырылу мерзімі кейін нақтыланады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және экспортқа шығару бағытындағы жобалар облыстың өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.


