Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 4,3 млрд теңгеге америкалық технология бойынша заманауи мал бордақылау кешені салынып жатыр. Жоба бір мезгілде 5 мың бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік береді.
16 гектар аумақта орналасқан алаңның құрылысы 2025 жылы басталған. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан кешенде өндірістік үдерістерді автоматтандыру, жем-шөп дайындау, малды күтіп-бағу және қалдықтарды басқару жүйелері қарастырылған.
Нысан ветеринариялық, санитариялық және технологиялық талаптарға сәйкес жабдықталады.
Жоба аясында 5 нысан салу көзделсе, бүгінде 4 нысанның құрылысы толық аяқталды. Кешен толыққанды қуатына биыл қосылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Қазіргі уақытта 3700 бас ірі қара мал қабылданып, 2500 бас мал бордақыланған.
Аталған жоба Қазығұрт ауданының мал шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлес қосуды көздейді.

