You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СИНТЕТИКАЛЫҚ АММИАК ПЕН КАРБАМИД ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СИНТЕТИКАЛЫҚ АММИАК ПЕН КАРБАМИД ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта агрохимия саласындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары басталды. «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімін өткізді.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жобаның инвесторы Чжан Цихай, компания өкілдері, сала мамандары және бірқатар қонақтар қатысты.

Жобаға 200 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Болашақ кәсіпорын жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак және шамамен 300 мың тонна карбамид өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштарды ішкі нарықта өндіру, импортқа тәуелділікті азайту және еліміздегі агрохимия өнеркәсібін дамыту.

Кәсіпорынның құрылысы Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру жөніндегі келісімге 25 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы барысында қол қойылған.

Жаңа өндірістің іске қосылуы Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласын қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге және өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.