Түркістан облысы аумағында инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында 214,3 гектар аумақта 25 шағын өндірістік парк құрылып, 258 өндірістік ғимарат бой көтермек.
Жобалар аясында 251 өндіріс іске қосылып, 5 218 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін арттыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға серпін береді.
Шағын өндірістік парктерде құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техника, дрондар мен бейнебақылау құрылғыларын өндіретін зауыттар, сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ашылады.
Жобаның басты артықшылығы – инвесторларға дайын өндірістік ғимараттар ұсыну арқылы уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар, өндірістік аймақтарда жеңілдетілген шарттар қарастырылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.
Өңір басшылығы тарапынан құрылыс сапасы мен мерзімдерінің сақталуы қатаң бақылауда. Нысандардың дайындық деңгейі тұрақты мониторингтен өткізіліп, жобаларды уақтылы іске қосу бойынша нақты тапсырмалар берілген.
Бұл бастама – өңірге инвестиция тартудың, жаңа кәсіпорындар ашудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың тиімді алаңы.