Кентау қаласында «КазОйлЭнерджи» ЖШС өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдейтін байыту фабрикасын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 30 млрд теңге, ал өндірістік қуаты жылына 3,5 мың тонна түсті кенді өңдеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Іске асыру мерзімі – 2023-2027 жылдар.
Қазіргі уақытта 27 гектар жер телімі қоршалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 12 диірмен мен 4 ұсатқыш қондырғы толық қалпына келтірілген. Бас корпус құрылысы мен әкімшілік-тұрмыстық ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 80%-ға, ал кіші цех толық орындалған. Сынақ жабдығын орналастыру және іске қосу алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру және пайдалы қазбаларды барлау бойынша лицензия алу жұмыстары жүріп жатыр.
Жобаны іске асыру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экологиялық қауіпсіз өндірісті дамытуға серпін береді.