Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданында орналасқан «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының мал сүйектерін терең өңдеп, май және желатин компоненттерін өндіретін зауытының құрылыс барысымен танысты.
Темірлан елді мекенінде салынып жатқан кәсіпорын мал шаруашылығынан шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, жергілікті шикізатты терең өңдеуге бағытталған. Зауытта мал сүйектерінен май және желатин компоненттері өндірілмек. Сонымен қатар сүйекті ұсақтап, одан түрлі ыдыстар мен басқа да өнімдер жасау, сондай-ақ жем өндіру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 9 млрд теңге. Алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынған. Бірінші кезеңді биыл қыркүйек айында іске қосып, 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттерін өндіру көзделген. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда зауыттағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Бүгінде кәсіпорында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Инвестор алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, мал қанын да кәдеге жаратып, одан қосымша өнім өндіру мүмкіндігі зерделенуде.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін кәсіпорынға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тізбегін кеңейтуге мүмкіндік береді.
