Түркістан облысында акватуризмді дамыту және заманауи балық шаруашылығы кластерін құру бағытында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Н. Көшеров Шаға ауылдық округіне барып, инвестормен кездесіп, жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Қазіргі таңда «Шаға» су қоймасы аумағын реттеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс кезеңі басталған.


Акватуризм жобасының бастамашысы – «GOLD FISH TURKISTAN» ЖШС.
Жобаның құны – 1,5 млрд теңге, аумағы – 8 гектар. Маусымына 100 000 турист қабылдауға мүмкіндік береді. Биыл іске қосылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, заманауи балық шаруашылығы кластерін дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға ӘКК арқылы жер телімі бөлінген. Инвестиция көлемі – 1 млрд теңге. Жоба 2027 жылы толық іске қосылып, жылына 300-400 тонна балық өндіру жоспарлануда. 20 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобалар іске асқаннан кейін өңірде балық шаруашылығы мен туризмді қатар дамытуға мүмкіндік беретін жаңа экономикалық кластер қалыптасады. Сондай-ақ, қонақ үйлер салынып, жағажай туризмін дамыту жоспарланып отыр.