Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық ПД Көші-қон полициясы басқармасының өкілдерінен құралған жұмыс тобы өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан ірі кәсіпорындарға барып, шетелдік жұмыс күшін тарту және көші-қон заңнамасын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кәсіпорындардың басшылары мен жауапты қызметкерлеріне шетелдік азаматтарды жұмысқа тартуға рұқсат алу, С3 санатындағы жұмыс визаларын рәсімдеу, ЖСН алу, рұқсат құжаттарын уақытылы ұзарту және шетелдік жұмыскерлердің көші-қон есебін жүргізу тәртібі түсіндірілді.
Сонымен қатар, еңбек шарттарын ЕШЕБЖ жүйесінде тіркеу, бекітілген квоталарды сақтау және қазақстандық пен шетелдік жұмыскерлердің белгіленген арақатынасын қамтамасыз ету талаптарына назар аударылды.
Іссапарлар барысында екі тарап арасында ашық сұрақ-жауап өткізіліп, кәсіпорын өкілдерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптар берілді. Шетелдік мамандардың құжаттарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеу және олардың Қазақстан аумағында болу мерзімдерін сақтау бойынша ұсынымдар айтылды.
Сонымен қатар, инвесторлардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласуға жол бермеу және туындаған мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу тетіктері түсіндірілді.
Жұмыс қорытындысы бойынша кәсіпорындардың жауапты қызметкерлеріне анықталған мәселелерді қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес реттеу бойынша құқықтық түсіндірмелер беріліп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастыру жөнінде келісім жасалды.