You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮН ПАНЕЛЬДЕРІН ӨНДІРУ ЖОБАСЫ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮН ПАНЕЛЬДЕРІН ӨНДІРУ ЖОБАСЫ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында жаңартылатын энергетика саласына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта Қытайдың Wuhan Hongfumaowu Materials Co., Ltd. компаниясының делегациясы өңірге жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекпен кездесті.

Айта кетейік, бұған дейін «Turkistan Invest» өңірлік инвестицияларды тарту және экспортты дамыту агенттігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, аталған компания басшылығымен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде қытайлық инвесторлар Түркістан облысына келіп, индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерімен, өндірістік инфрақұрылыммен және өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысқан еді.

Кезекті кездесу барысында тараптар күн панельдерін өндіру жобасын іске асырудың негізгі кезеңдерін талқылады. Атап айтқанда, өндірісті орналастыру мүмкіндіктері, жобаның техникалық параметрлері, өндірістік кооперация және алдағы бірлескен жұмыстардың жоспары қарастырылды.

Жиын қорытындысында компания өкілдері жобаға қатысты техникалық және коммерциялық материалдарды жан-жақты зерделеп, қыркүйек айында Түркістан облысына қайта жұмыс сапарымен келетіндерін мәлімдеді. Сондай-ақ, тараптар инвестициялық жобаның негізгі шарттарын пысықтап, келісімшарт жасасу мәселесін талқылауға келісті.

Wuhan Hongfumaowu Materials Co., Ltd. компаниясы жаңартылатын энергетикаға арналған өндірістік шешімдерді әзірлеуге маманданған. Компанияның Түркістан облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобасы өңірде жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және «жасыл» энергетика саласының дамуына серпін береді деп күтілуде.