Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sinopec» компаниясының вице-президенті Чжан Чжансинмен кездесті. Кездесуде Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан фосфоритті руданы терең өңдейтін заманауи зауыт жобасының қазіргі жағдайы мен алдағы жұмыс жоспары талқыланды.
Құны 150 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны «Созақ Фосфат» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба фосфоритті руданы өндіру, байыту және терең өңдеуді қамтитын толық өндірістік кешен құруды көздейді.
Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 2 млн тонна фосфатты руда байытылып, 1,6 млн тонна күкірт қышқылы, 600 мың тонна фосфор қышқылы, 600 мың тоннадан диаммоний фосфаты (DAP) және моноаммоний фосфаты (MAP), сондай-ақ, 350 мың тонна синтетикалық аммиак өндіру жоспарланған. Өнімдер ішкі нарықпен қатар Қытай, Үндістан және жақын шетел мемлекеттеріне экспортталады.

Сондай-ақ, жоба іске асқаннан кейін 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы 10 жылда бюджетке шамамен 43,3 млрд теңге салық түсімі түседі деп күтілуде.
Жобаның технологиялық бөлігін әзірлеу бойынша Sinopec Nanjing Engineering Co., Ltd. компаниясымен EPC-келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда мамандар өндірістік алаң мен кен орнын зерттеп, шикізаттың сапалық және технологиялық сипаттамаларын нақтылауда.
Техникалық-экономикалық негіздемені 2026 жылғы қазан айында аяқтау жоспарланған. Одан кейін жобалау, инженерлік инфрақұрылым салу, теміржол тарту, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, жабдықтарды сатып алу және зауыт құрылысын жүргізу кезеңдері басталады.
Жоба аясында 300 жас маманды шетелде даярлау көзделген. Зауытты 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұл жоба фосфоритті руданы жергілікті жерде терең өңдеуге, минералдық тыңайтқыштар мен химиялық өнімдер өндірісін дамытуға және Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық бастама.