You are currently viewing ТҮРКІСТАНДА 42 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖЫЛЫЖАЙ ЖОБАСЫ ӨНДІРІС КӨЛЕМІН АРТТЫРУДА

ТҮРКІСТАНДА 42 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖЫЛЫЖАЙ ЖОБАСЫ ӨНДІРІС КӨЛЕМІН АРТТЫРУДА

Түркістан облысында «Ecoculture-Eurasia» ірі инвестициялық жобасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Заманауи жылыжай кешені отандық көкөніс өндірісін ұлғайтуға, импортты алмастыруға және агросектордағы технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған.

Жобаның бірінші кезеңі аясында 6,25 гектар аумақта жоғары өнімді «Климон F1» қызанақ сорты өсіріліп, 2 мың тонна өнім өндірілді.

Өндірісте тамшылатып суару жүйесі және су мен энергия ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи агротехнологиялық шешімдер қолданылады.

Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің құрылысы жалғасуда. 2026 жылдың күзінде тағы 37,5 гектар жылыжайды іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, жыл соңына дейін бірінші кезең аясындағы өндірістік алаңның жалпы көлемі 50 гектарға дейін ұлғаяды.

Жобаның бірінші кезеңіне 42 млрд теңге инвестиция салынды. Қазіргі таңда 130 тұрақты жұмыс орны бар. Кешен толық жобалық қуатына шыққаннан кейін жұмыс орындарының саны 1 мыңнан асады деп күтілуде.

Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 27 мың тонна қызанақты құрайтын болады. Бұл ішкі нарықтағы отандық көкөніс көлемін арттырып, әсіресе, маусымаралық кезеңде импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

«Ecoculture-Eurasia» жобасы Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенін технологиялық жаңғыртуға және өңірдегі инвестициялық белсенділікті арттыруға елеулі үлес қосуда. Жоба заманауи агротехнологияларды енгізу, өндірістік ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ, кәсіпорынның толық іске қосылуы Қазақстандағы жылыжай өндірісін жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, отандық агроөнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі мен өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.