Түркістан облысында инвестициялық белсенділік жыл санап артып келеді. Өңірде отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, жаңа өндірістерді іске қосу және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда 137,5%-ға өскен. Сонымен қатар, жылдың бірінші тоқсанында өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 115 млн АҚШ долларын құрады.
Қазіргі таңда Түркістан облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 122 жоба бар. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Инвесторлар үшін қажетті өндірістік инфрақұрылым да кезең-кезеңімен дамып келеді. Бүгінде облыста аумағы 1 450 гектар арнайы экономикалық аймақ, 1 931 гектарды қамтитын 21 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 264,2 гектар болатын 29 шағын өндірістік алаң жұмыс істейді.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында «Turkistan Invest» өңірлік агенттігі маңызды рөл атқарады. «Бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін мамандар инвестициялық жобаларды іске асыру барысында консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау ұсынып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге, қажетті инфрақұрылым мен рұқсат алу мәселелерін шешуге көмектеседі.
Түркістан облысының инвестициялық саясатының негізгі басымдықтары – жаңа өндірістерді дамыту, жұмыс орындарын көбейту, экономиканы әртараптандыру және инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы бизнес-орта қалыптастыру.
Өңірдегі инвестициялық жобалардың тұрақты іске асуы Түркістан облысының экономикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа өндірістік мүмкіндіктердің қалыптасуына жол ашуда.
