You are currently viewing ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫ

ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Қытай Халық Республикасының Нанкин қаласында Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және тоқыма компанияларының басшыларымен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың барысы мен жаңа бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы құны 146,6 млрд теңгені құрайтын мақта-тоқыма кластері жобасы жүзеге асырылуда. Жоба Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, сондай-ақ, Арыс қаласы мен Отырар ауданында орналасқан өндірістік алаңдарды қамтиды.

Кластер аясында мақта өсіруден бастап дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастырылуда. Оның құрамына мақта өңдеу зауыттары, тамшылатып суару жүйелерін өндіру кәсіпорындары, ПВХ құбырлар зауыты, иіру фабрикасы, мата тоқу және бояу-әрлеу өндірістері мен тігін кәсіпорындары кіреді. Жоба толық қуатына шыққанда 4 150 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің экспорттық әлеуеті айтарлықтай артады.

Кездесу барысында биыл іске қосылатын жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын 6 өндірістік жобаның жүзеге асырылу барысы қаралды. Атап айтқанда:

  • жылына 4 млн дана үй тоқыма бұйымдарын шығаратын тігін фабрикасы
  • жылына 47 млн метр мата өндіретін тоқыма және бояу-әрлеу фабрикалары;
  • екі мақта өңдеу зауыты;
  • мақта тұқымын өңдеу кәсіпорны іске қосылады.

Сонымен қатар, тараптар Түркістан облысында аммиак пен карбамид өндіретін интеграцияланған химия кешенін салу жөнінде келісімге келді.

Құны 70 млрд теңгені құрайтын жоба Сауран ауданындағы «Оранғай» арнайы экономикалық аймағында орналасады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна аммиак пен карбамид өндіруге мүмкіндік береді және 150 жаңа жұмыс орнын ашады.

Түркістан облысы еліміздегі ірі аграрлық өңір ретінде жоғары сапалы минералды тыңайтқыштарға тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр. Осыған байланысты жаңа химия кешені өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды стратегиялық жоба саналады.

Сондай-ақ, кездесуде Қытайдың жетекші тоқыма өндірушілерінің бірі Huafang компаниясының Түркістан облысында мата өндіру және бояу-әрлеу өндірістерін орналастыру перспективалары талқыланды.

Жалпы, қазақстандық-қытайлық серіктестік аясында іске асырылып жатқан жобалар өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтіп, жаңа технологияларды енгізуге, экспорт көлемін ұлғайтуға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.