You are currently viewing ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ҚҰРУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ҚҰРУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік құрылыс компаниясының директоры Сюй Миньмен кездесіп, өңірде жаңа индустриялық аймақ құру жобасын талқылады.

Кездесу барысында инвесторлар индустриялық аймақты дамыту тұжырымдамасын таныстырып, бондтық қоймалар, өндірістік корпустар, жеке өндірістік нысандар, әкімшілік-тұрмыстық және сервистік орталықтар, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым салу жөніндегі ұсыныстарын ұсынды.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 30 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба іске асқан жағдайда 42-ге жуық кәсіпорын ашылып, 1000-ға дейін жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Бастама Орталық Азиядағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, трансшекаралық сауда мен логистиканы кеңейтуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға және импорттық-экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік байланысты нығайтуға бағытталған «Орталық Азия» халықаралық индустриялық орталығының дамуына серпін береді.

Жоба аясында шағын және орта кәсіпкерлік кластерін қалыптастыру, шекара маңындағы логистикалық хабтың әлеуетін күшейту, сондай-ақ Қытай бизнесінің Орталық Азия нарығына шығуына жағдай жасайтын өндірістік және логистикалық платформаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.

Компания өкілдері жобалық құжаттаманы жетілдіру, қаржыландыру тетіктерін пысықтау, құрылыс жұмыстарын бастау және жобаны коммерцияландыру бағытындағы жұмыстарды жеделдетуге дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, мердігер компания автомобиль жолдарын, инженерлік желілерді және металл конструкцияларын салу, құрылыс материалдарын импорттау мен экспорттау, сондай-ақ әрлеу жұмыстарын жүргізу саласында көпжылдық тәжірибеге ие.