You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰНЫ 10 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН ІРІ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰНЫ 10 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН ІРІ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

Түркістан облысы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтып, өңірдің агроөнеркәсіптік секторын дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағытта Түркістан облысының әкімдігі, «Xinghengtai Agro-Cotton» ЖШС және «Аққұм Мақта» ЖШС арасында Отырар ауданында бірқатар стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық ниеті туралы Меморандумға қол қойылды.

Жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде өңірде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жоба аясында мақта өңдеу зауыты салынып, элиталық мақта сорттарын өсіру, мақта талшығын өндіру және тамшылатып суару жүйелерін енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, арнайы каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Тараптар меморандум ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешенді қалыптастыруға өзара мүдделілікті көрсететінін атап өтті.

Айта кетейік, алдағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру жоспарланған. Жобаларды іске асыру және қаржыландыруға қатысты жекелеген мәселелер қосымша келісімдер арқылы реттеледі.

Меморандумға қол қою рәсімі Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мен халықаралық инвестициялық серіктестікті нығайту бағытындағы кезекті маңызды қадам болды.