
Түркістан облысы Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Kentau Cable Industries» компаниялар тобының екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс нысанының салтанатты ашылуы өтті. Іске қосылған кәсіпорындар – жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» зауыты және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтар өндіретін «ElectroCore» зауыты.
Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров қатысып, жаңа жобалардың өңірдің индустриялық дамуы мен экономикалық әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, аталған өндірістер өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, терең өңдеу саласын дамытуға және отандық өнім үлесін арттыруға серпін береді.
«Kentau Cable Industries» ЖШС және «ElectroCore» ЖШС директоры А. Баймырзаұлы өндірістердің технологиялық деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Кәсіпорындардың негізгі бағыттары:
- ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету
- экспорттық нарықтарға шығу
- өндірісті кезең-кезеңімен кеңейту
- өнім түрлерін көбейту
- жаңа жұмыс орындарын ашу
Сондай-ақ, ол жобалардың іске асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Түркістан облысы әкімдігіне және серіктестерге алғыс білдірді.
«Kentau Cable Industries» ЖШС жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер шығарады. Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы – 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттері. Өндірісте шамамен 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт толық өндірістік циклге ие және Siemens, Bosch, ADVANTECH, Panasonic сияқты әлемдік өндірушілердің жабдықтарымен жабдықталған автоматтандырылған жүйелер негізінде жұмыс істейді.
Екінші жоба – «ElectroCore» ЖШС. Кәсіпорын электр жабдықтарына арналған металл шкафтар шығарады. Инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Жылдық өндірістік қуаттылығы 12 мың дана өнім. Жоба аясында шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылды.