You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДӘРУМЕНДЕР МЕН БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАР ӨНДІРЕТІН ІРІ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДӘРУМЕНДЕР МЕН БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАР ӨНДІРЕТІН ІРІ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар мен капсуладағы дәрумендер өндіретін заманауи зауытының іргетасын қалау және уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Бұл жоба Түркістан облысында фармацевтика өнеркәсібін дамытуға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі инвестициялық бастамалардың бірі.

Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірде жоғары технологиялы өндірістерді дамыту, инвестиция тарту және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы мұндай жобалардың стратегиялық маңызын атап өтті.

«Orzax Central Asia» ЖШС-нің құрылтайшысы Селман Алимоглу Қазақстан Үкіметі мен Түркістан облысы әкімдігіне және барлық серіктестерге көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, зауыт құрылысы белгіленген мерзімде аяқталатынын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа кәсіпорын өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, отандық фармацевтика саласының дамуына серпін береді.

Жоба Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында іске асырылуда. Өндіріс орнына 10 гектар жер телімі бөлінген. Инвестиция көлемі 20,4 млрд теңге. Құрылыс кезеңі 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа өндіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, зауытта 500-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

Айта кетейік, «Orzax Central Asia» ЖШС-нің құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндірісі бойынша жетекші компаниялардың бірі саналатын Orzax Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc. Корпорация бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттайды.

Жаңа өндіріс орны Қазақстандағы фармацевтика өнеркәсібін дамытуға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға елеулі үлес қоспақ.